in

Криштиану Роналду Португалия – Хорватия матчының ең үздік ойыншысы атанды

Португалия құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Криштиану Роналду Хорватияға қарсы өткен матчтың ең үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) сілтеме жасаған astana24.com.

Командалар арасындағы 1/16 финал ойыны Канаданың Торонто қаласында өтіп, 2:1 есебімен португалиялықтардың жеңісімен аяқталды.

Роналду негізгі құрамда алаңға шығып, 68-минутта пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді. 81-минутта оны жартылай қорғаушы Рубен Невеш алмастырды.

Осылайша, 41 жастағы португалиялық футболшы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі ең егде қатысушы және гол соққан ең жасы үлкен ойыншы атанды. Бұл оның 2026 жылғы әлем чемпионатындағы үшінші голы.

Айта кетейік, Роналду – тарихта алты әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы. Қазір оның әлем біріншіліктерінде соққан жалпы голының саны – 11.

Сонымен қатар Роналду ұлттық құрама сапында өткізген матчтары (232) және соққан голдары (146) бойынша өзіне тиесілі әлемдік рекордтарды жаңартты.