Англиялық "Челси" мен "Тоттенхэм" арасындағы жолдастық кездесу Сиднейдегі "Аккор" стадионында өтіп, матчты тамашалауға 80 мыңнан астам көрермен барды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Австралияда өткен лондондық дербиде "Тоттенхэм" 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл команда екінші таймның басым бөлігінде ойыншылар саны аз болғанына қарамастан, соңғы минутта шешуші голды соқты.
Матчты тамашалауға 80 353 көрермен барды. "Аккор" стадионы жалпы 83 500 адамға арналған. 1996 жылы салынған бұл арена 2000 жылғы Олимпиаданың басты аренасы болған еді.
Жолдастық кездесуде Дастан Сәтпаев та алаңға шықты. Қазақстан құрамасының шабуылшысы ойынды "Челсидің" қосалқы құрамында бастады. Ол 70-минутта өз командасының жалғыз голының авторы болған бразилиялық форвард Эстеваоның орнына алаңға шықты.
Бұған дейін халықаралық маусым алдындағы турнедегі алғашқы матчта Сәтпаев "Челси" сапындағы алғашқы голын соққан болатын. Ол кездесуде лондондықтар австралиялық "Вестерн Сидней Уондерерс" командасын 6:4 есебімен жеңген еді.
