Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтады, деп хабарлайды astana24.com президенттің баспасөз хатшысына сілтеме жасап.
Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram арнасында хабарлағандай, Тоқаев Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен құттықтаған.
Президент атап өткендей, бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.
Айта кетсек, Геннадий Головкин Қазақстан тарихында алғаш рет бұл таңдаулы қауымдастықтың мүшесі атанған спортшы қатарынан көрініп отыр.
