Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Қазақстан кубогында әйелдер күресінен 50 келі салмақта күміс жүлдегер атанған Зейнеп Баянованың марапаттау рәсіміне қатыспауы қоғамда қызу талқыланған болатын, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Финалда Марал Тәңірбергеноваға жол берген балуан марапаттау сәтіне өзі шықпай, орнына басқа спортшыны жіберген. Бұл әрекет жарыс ережесін бұзу болып саналады.
Осы жағдайға байланысты Sportbugin.kz тілшісі федерацияның баспасөз хатшысынан ресми жауап алды.
"Облыстық федерациядан, жеке бапкерінен және спортшының өзінен түсініктеме хат алынды. Зейнеп Баянованың өзіне қатаң сөгіс жарияланды. Егер мұндай жағдай тағы қайталанса, бір жылдық дисквалификация мәселесі қаралады. Қазіргі таңда федерация қатаң сөгіспен шектеліп отыр", — деді федерация өкілі.
Айта кетейік, бұл жағдайға қарамастан спортшыға жарыстардан шеттету жазасы қолданылмайды. Ол алдағы додаларда өнер көрсетуін жалғастыра береді.
