Қазақстанның бірнеше өңірінде балалар спортын дамытуға бағытталған жоба басталды. Kids’ Athletics деп аталатын бағдарлама қазақстандық балаларды жеңіл атлетикаға баулуға арналған, деп хабарлайды еліміздің жеңіл атлетика федерациясы.
Федерацияның хабарлауынша, осы аптада Kids’ Athletics жобасының кезекті кезеңдері Орал, Шымкент және Тараз қалаларында өткен.
"Жоба Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігінің бастамасы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауы аясында өтіп жатыр.
Kids’ Athletics балаларды жеңіл атлетикаға баулуға бағытталған. Жоба мектеп жасындағы оқушылардың қозғалыс мәдениетін қалыптастырып, спортқа қызығушылығын арттыруды көздейді. Айта кетейік, бұған дейін жоба Маңғыстау және Атырау облыстарын қамтыған болатын. Екі өңірдегі семинарларға 106 мектептен 239 мұғалім мен жаттықтырушы қатысты.
Осы аптада жоба үш қалада жалғасты. Оралдағы семинарға 48 оқушы мен 120 мұғалім қатысты. Шымкентте дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік семинар өтті. Тараздағы №39 орта мектепте өткен семинар 40 мектептен келген 100 мұғалімді қамтыды.
Федерация бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да өңірлерде жалғастырады", – делінген хабарламада.
