Алматыда кене шаққан тұрғындарға арналған жедел желі іске қосылды. Мамандар кене шаққанда не істеу керектігіне байланысты сұрақтарға жауап беру үшін байланыста болады, деп хабарлайды astana24.com Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Қала әкімшілігінің мәліметінше, Алматыда 1312 жедел желісі жұмыс істеп тұр. Тұрғындар бұл нөмір арқылы кене энцефалитіне қарсы вакцинация бойынша кеңес алып, кене шаққан жағдайда не істеу керектігі туралы ақпарат ала алады.
Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәл осы кезеңде шұғыл профилактика үшін иммуноглобулин енгізу ең тиімді нәтиже береді.
Медициналық көмек қалалық ауруханалардың травматологиялық пункттерінде көрсетіледі. 18 жасқа дейінгі балалар тұрғылықты ауданына қарамастан, Манас көшесі, 40 мекенжайындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында қабылданады.
Мамандар алдын ала вакцина алуға да кеңес береді. Алматы емханаларында 16 жастан асқан тұрғындарға арналған "ТикоВак" вакцинасы қолжетімді. Қаладағы медициналық ұйымдар қажетті вакцина мен иммуноглобулин қорымен қамтамасыз етілген.
Қосымша ақпарат алып, қайда жүгіну қажет екенін 1312 нөмірі арқылы білуге болады.
