Дакарда өтіп жатқан 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында велошабандоз Әнел Тәшбай Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Спортшы жекелей сында жеңіске жетті. Ол 8,5 км қашықтықты 11 минут 32,57 секундта бағындырды. Мәре сызығын екінші болып словакиялық Каролина Гайдукова (+5,05) кесті. Үздік үштікті ресейлік Ангелина Новолодская (+11,08) түйіндеді.
Ерлер арасындағы дәл осындай сында қазақстандық Глеб Новиков алтыншы орын алды.
Қазіргі уақытта ұлттық құрама қоржынында 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының екі алтын және бір қола медалі бар. Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева чемпион атанса, триатлоншы Рамазан Айнегов үшінші орын иеленген болатын.
Жалпыкомандалық медальдар есебінде Қазақстан құрамасы 22-орынға көтерілді. Сенегалдағы жарыстар 13 қарашаға дейін жалғасады.
