in

"Ертіс" футбол клубы өз алаңында "Ақтөбеден" басым түсті

Павлодарлық "Ертіс" футбол клубы Қазақстан премьер-лигасының 24-турында өз алаңында "Ақтөбені" жеңді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Кездесу Павлодардағы Орталық стадионда өтті. Ойын алаң иелерінің (2:1) жеңісімен аяқталды.

Матчта есепті қонақтар ашты. 37-минутта "Ақтөбенің" қазақстандық шабуылшысы Артур Шушеначев гол соқты.

Екінші таймда павлодарлықтар есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіске жетті. 50-минутта "Ертістің" бразилиялық форварды Леонардо Калил таразы басын теңестірді. Үш минуттан кейін алаң иелерінің қазақстандық қорғаушысы Рамазан Каримов өз командасын алға шығарды.

Бұл жеңістен кейін "Ертіс" 20 ұпай жинап, Қазақстан чемпионатында 13-орынға көтерілді. "Ақтөбе" 35 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесінде бесінші орында тұр.