Геннадий Головкин басқаратын World Boxing халықаралық федерациясы өз сайтында ресейлік боксшыларға қатысты шектеулердің алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.
Тиісті шешімді ұйымның атқарушы комитеті Глазгодағы жиында қабылдаған, онда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға дайындыққа қатысты мәселелер талқыланған.
World Boxing Ресей өкілдері басқа елдердің спортшыларымен тең дәрежеде, яғни мемлекеттік рәміздерімен – туымен және әнұранымен өнер көрсете алатынын бекіткен. Бұл ретте ресейлік делегациялардың тәртібі мен допингке қарсы хаттамалардың сақталуы қатаң бақылауда болады.
Сондай-ақ атқарушы комитет Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық барысын талқылаған.
Бұдан бөлек, 2028 жылғы Олимпиаданың іріктеу турнирлерінің күнтізбесі де бекітілген.
"Бүгінгі талқылаулар мен шешімдер Дүниежүзілік бокс федерациясының шаршы алаңда да, одан тыс жерлерде де айтарлықтай прогресске қол жеткізіп жатқанын көрсетті.
Олимпиадалық іріктеу жарыстары өтетін орындарды қамтамасыз етуден бастап, басқару жүйесін нығайту, жаһандық мүшелікті кеңейту және Конгреске дайындыққа дейін – біз бокстың олимпиадалық қозғалыстағы табысты болашағын қамтамасыз етуге дайын, анағұрлым мықты әрі ашық ұйым құрып жатырмыз", – деді Головкин.
Айта кетейік, қазақстандық және әлемдік бокс аңызы World Boxing ұйымын 2025 жылдан бері басқарып келеді.
