Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында шпагамен семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады astana24.com тілшісі.
Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында семсерлесуден құрлықтық мультиспорттық жарыстар жалғасуда. Кезекті жарыс күні ерлер арасында шпагамен командалық турнир өтті.
Финалдық сында отандық құрама Оңтүстік Корея командасымен кездесті. 2026 жылғы Азия ойындарының алтын медалі үшін өткен тартыста қазақстандық шпагашылар 43:42 есебімен жеңіске жетіп, жарыс чемпионы атанды. Кездесу нәтижесі басымдық (приоритет) арқылы шешілді. "Алтын әкелген" ұпайды 19 жастағы Кирилл Проходов еншіледі.
Ұлттық құрама сапында Кирилл Проходов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов және Руслан Курбанов өнер көрсетті.
Турнир барысында Қазақстан құрамасы Катар, Сингапур және Гонконг командаларын жеңді. Айта кетейік, украиналық маман Александр Горбачуктың жетекшілігіндегі команда биылғы маусымда Азия чемпионаты мен әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болған еді.
Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Азия ойындары тарихындағы төртінші, ал 2002 жылғы Пусан ойындарынан бергі алғашқы алтын медалін жеңіп алды.
Сондай-ақ жексенбі күні қылыштасудан әйелдер ұлттық құрамасы сынға түсті. Әйгерім Сарыбай, Анастасия Гулик, Карина Доспай және Қайша Жәнібек таиландтықтарды жеңгенімен, ширек финалда жапониялықтарға есе жіберді.
