in

"Отбасы банк" пәтер кезегіндегілерді ақпараттандыру ауқымын арттырды

Жарты жыл бұрын "Отбасы банк" @orken_otbasybank.kz Instagram парақшасын және "Өркен Отбасы банк – Әділ кезек" Telegram-арнасын іске қосты. Бұл ақпараттық арналар тұрғын үй алуды күтіп жүрген азаматтар үшін жедел ақпараттың қосымша көзіне айналды. Осылайша, "Отбасы банк" байланыстың цифрлық, заманауи арналарын дамытуды жалғастыруда, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Халықты баспанамен қамтудың Қазақстанда түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бар. Оны үлестірудің өзіндік тәртібі мен талабы қарастырылған. Бұл туралы ақпараттар аталған арналарда дер кезінде жарияланып отырады.

Қазіргі таңда еліміздің 140 мыңнан астам адамы банктің ақпараттық алаңдары арқылы соңғы жаңалықтардан құлағдар болып отыр. Әлеуметтік желілердегі ақпараттық алаңдарда жалдамалы және кредиттік баспаналарды беру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары және рәсімдеудің маңызды кезеңдері мен мерзімдері туралы өзекті ақпараттар жарияланады.

"Telegram едәуір сұранысқа ие арналардың бірі болып отыр. Мұнда өңірлерде тұрғын үйлерді бөлу жұмыстарының жүргізілуіне қарай баспана алған қатысушылардың жаңартылған тізімдері апта сайын орналастырылады. Соның арқасында тұрғын үй кезегіндегілер нәтижелерді өздері тексере алады және банкке бармай-ақ ақпарат ала алады", – делінген "Отбасы банктің" ресми хабарламасында.

Сонымен қатар ақпараттық алаңдарда тұрғын үйлер қайда және қашан бөлінетіні, нақты қай өңірде қандай тұрғын үй нысандары қолжетімді және тиісті бағдарламаларға кімдер қатыса алатыны туралы айтылады.

Сондай-ақ жоғарыда аталған ақпараттық арна, әлеуметтік парақшалардың оқырмандары келесідей мәліметтерден хабардар бола алады:

– өз қаласында жалдамалы тұрғын үйді бөлудің басталу мерзімдері туралы;

– қолжетімді тұрғын үй кешендері мен нысандары туралы;

– кредиттік тұрғын үйлерді алу шарттары туралы;

– жеңілдікті пайыздық мөлшерлемелері бар бағдарламалар туралы;

– SMS арқылы қатысуды растау мерзімдері туралы;

– тұрғын үйді рәсімдеудің әртүрлі кезеңдеріндегі қажетті әрекеттер туралы;

– бағдарламалардың шарттарындағы және жаңа хабарландырулардағы өзгерістер туралы.

"Отбасы банктің" мәлімдеуінше, аталмыш ақпараттық алаңдардың маңызды ұстанымы – ақпараттың қолжетімді әрі түсінікті тілде берілуі. Мұндағы әрбір материал қарапайым тілде, күрделі терминологиясыз жарияланады. Демек, тұрғындардың тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын өздері-ақ түсініп алуына, өздерінің ары қарайғы әрекеттерінің тәртібін ұғынып, маңызды мерзімдерді өткізіп алмауға мүмкіндік береді.

Осылайша, "Отбасы банк" цифрлық алаңдар арқылы ақпараттандыруды неғұрлым ашық әрі ыңғайлы етуде. Тұрғын үй кезегіндегілер ақпаратты әртүрлі ресурстардан іздеп, әуреге түспейді. Барлық негізгі әрі маңызды жаңалықтар, хабарландырулар бір жерге топтастырылған.

"Ақпараттық ресурстарға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Қазіргі таңда күн сайын парақшаларға 1200 жаңа оқырман қосылуда. Бұл тұрғындар арасында тұрғын үй бағдарламалары туралы жедел ақпараттың қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді", – делінген банктің ресми ақпаратында.

Ресми түсіндірулерден бөлек, "Отбасы банк" баспана алып үлгерген клиенттерінің оқиғаларын жариялайды. Мұндай материалдарда азаматтар қоныс тойын тойлауға дейінгі жолын баяндап, баспаналы болған сәтіндегі әсерімен бөліседі. Яғни, іске асқан тұрғын үй бағдарламаларының отбасылар өмірін қалай өзгерткенін көрсетеді.

Банк осындай жарияланымдар арқылы өзге де азаматтардың қолданыстағы бағдарламалардың мүмкіндіктерін жақын түсінуіне жетелейді. Баспаналы болған отбасылардың оқиғалары ақпараттық арналардағы аудиториялар тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудыруда.

Банкте азаматтарды дер кезінде ақпараттандырудың маңыздылығын айтады. Өйткені, бағдарламалардың шарттары, мерзімдері мен қатысу тәртіптері өзгеруі мүмкін. Сондықтан, банк өкілдері тұрғын үй кезегіндегілерге ресми ақпараттық ресурстарды әрдайым қарап, жаңа хабарландыруларды тексеріп отыруға кеңес береді.

Осылайша, цифрлық арналарды дамыту "Отбасы банкіне" азаматтармен жедел әрі түсінікті байланыс орнатуға мүмкіндік беруде. Ал баспана кезегіндегі тұрғындарға тұрғын үйлерді бөлу туралы өзекті мәліметтерді алуға, өздіктерінен ақпаратты бақылауға және банктің хабарландыруларына уақытылы әрекет етуіне жол ашады.