Қазақстанда қой, жылқы еті мен тартылған ет бағасының өсуіне байланысты ет нарығына талдау жүргізіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда ет және ет өнімдерін өндіру нарығына егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі. Мұндай тапсырманы бағаны тұрақтандыру мәселесі жөніндегі кеңесте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин берген.
Бұған қой мен жылқы етінің және тартылған еттің қымбаттауы себеп болған. Кейінгі аптада қой етінің бағасы екі пайызға, жылқы еті – 1,3 пайызға, ал тартылған ет 0,6 пайызға өскен.
Вице-премьер нарықты тұрақтандыру бойынша әрі қарайғы шараларды айқындау үшін өндіріс көлемін, ішкі тұтынуды және экспорттық жеткізілімдерді ескере отырып, жағдайды зерттеуді тапсырған.
Бұл ретте кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасы түскен. Мысалы, кейінгі аптада қызанақ – 15,1 пайызға, қияр – 18,2 пайызға, сәбіз – 5,2 пайызға, ал жұмыртқа – 2,4 пайызға арзандаған.
Шілдедегі үш аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 0,1 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш 2026 жылдың басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
"Бағаны одан әрі тұрақтандырудың негізгі факторының бірі ішкі өндірісті ұлғайту және отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту. Жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ішкі нарықтағы күнбағыс майын ұлғайтуға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
