"Фридом Банк Қазақстан" АҚ азиялық технологиялық көшбасшылармен әріптестігін кеңейтіп келеді. 17 шілдеде Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловтың жаһандық қаржы технологиялары нарығының өкілдерімен кездесуі барысында банк Tencent компаниясының трансшекаралық төлемдер платформасы – TenPay Global Pte. Ltd. компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл платформа халықаралық институттарды Weixin Pay (бұрынғы атауы – WeChat Pay) төлем экожүйесіне қосуды да қамтамасыз етеді. Аталған жиын қазақстандық делегацияның 2026 жылғы 17-20 шілде аралығында өткен "Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция" (WAIC) мен "Жасанды интеллектіні жаһандық басқару жөніндегі жоғары деңгейдегі конференцияға" қатысу мақсатында Қытайға жасаған сапары аясында өтті.
Қол қойылған құжаттар тараптардың ұзақ мерзімді ынтымақтастығына құқықтық және технологиялық негіз қалайды. Бұл әріптестіктің басты мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық төлемдер және тікелей ақша аударымдары саласында инновациялық шешімдерді дамыту.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – Freedom банкі мен Қытайдың жетекші төлем жүйесі Weixin Pay арасындағы ауқымды QR-төлем интеграциясы болмақ. Бұл стратегиялық шешім екі елдің азаматтары, туристері мен бизнесі үшін бірыңғай әрі ыңғайлы төлем ортасын құруға мүмкіндік береді. Екіжақты интеграцияның арқасында Freedom SuperApp қолданбасын пайдаланушылар Қытайда Weixin Pay QR-кодтарын тікелей сканерлеу арқылы тауарлар мен қызметтерге еркін төлем жасай алады.
Эквайринг инфрақұрылымын дамытумен қатар, тараптар трансшекаралық ақша аударымдарын, сондай-ақ ұлттық валюталармен, оның ішінде қытай юанімен жүргізілетін есеп айырысуды кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл екі мемлекет арасындағы тауар айналымының қарқынды өсуі аясында ерекше өзектілікке ие болып отыр.
"Біз әрдайым болашақ – шекарасыз экожүйелерде деп айтып келдік. Тарихи тұрғыдан Қазақстан Азия мен әлемнің қалған бөлігі арасындағы басты транзиттік хаб болды, ал бүгін біз осы "көпірді" толықтай цифрландырып жатырмыз. Weixin Pay-мен интеграция бізге Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін кедергісіз төлем ортасын қалыптастыруға керемет мүмкіндік береді.
Біз ҚХР-дағы серіктестерге ақша жіберу немесе олармен есеп айырысу біздің SuperApp ішіндегі аударымдар сияқты қарапайым, ашық әрі жылдам болғанын қалаймыз. Бұл қадам – банкіміздің даму стратегиясының табиғи жалғасы. Біз жергілікті нарық аясынан шығып, халықаралық кеңістіктегі ұстанған жолымызды нығайтып жатырмыз", – деп түсініктеме берді Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, тараптар таяу уақытта өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын техникалық және операциялық тұрғыдан егжей-тегжейлі пысықтауға кіріседі. Клиенттерге арналған пилоттық сервистер мен жаңа технологиялық шешімдердің іске қосылуы туралы қосымша хабарланатын болады.
Анықтама үшін:
Freedom банкі туралы
"Фридом Банк Қазақстан" АҚ – Қазақстан аумағында Freedom сауда маркасымен жұмыс істейтін инновациялық банк. Банк жеке және заңды тұлғаларға цифрлық қаржы өнімдері мен қызметтерін ұсынады. Банк ипотекалық қарыз алуды, автонесие мен бизнеске арналған несиелерді цифрландырды. Сондай-ақ Қазақстандағы алғашқы инвестор картасы INVEST CARD-ты және басқа да бірқатар цифрлық картаны шығарды. Банктің Қазақстанның 20 қаласындағы филиалдар желісі бар. Банк қаржылық қызметпен, бөлшек брокерлік операциялармен, бағалы қағаздар саудасымен, инвестициялық-банктік және андеррайтинг қызметтерімен айналысатын Freedom Holding Corp. холдингінің құрамына кіреді. Бүгінгі таңда холдингтің жай акциялары Nasdaq Capital Market-те және Қазақстан қор биржасында сатылады.
TenPay Global туралы
"Tencent корпорациясына тиесілі TenPay Global трансшекаралық төлем платформасы "трансшекаралық QR-кодтардың бірыңғай шлюзін" құруға белсенді атсалысуда. Осы шлюз негізінде WeChat Pay өзінің "ішкі нарықта қолдануға арналған шетелдік әмиян" сервисін одан әрі жаңғыртып, әлем бойынша 40-тан астам электронды әмиян операторымен өзара интеграцияны кезең-кезеңімен іске асырып келеді.
Біздің қазіргі әріптестігіміз – осы ашық желіні Орталық Азия бағытында кеңейтудің тағы бір маңызды қадамы. Бүгінгі таңда Қытайда шетелдік әмияндар арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін WeChat Pay жүйесі 13 ел мен өңірдегі 40-тан астам халықаралық сервисті қолдайды."
*ҚР ҚНРДА-ның банктік және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған 07.07.2026ж. № 1.1.551.129 әмбебап банктік лицензиясы.
**PR құқығында
