in

Қазақстанда 19 шілдеде бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады

Бүгін Ұлттық банкте 19 шілдеден бастап іске қосылатын бірыңғай QR-код жүйесі таныстырылды, деп хабарлайды astana24.com.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 19 шілдеде Қазақстанда банкаралық мобильді төлемдер жүйесі (БМТЖ) ел көлемінде ресми түрде іске қосылады.

"Осы күннен бастап жүйеге қатысушы банк клиенттері телефон нөмірі арқылы басқа банктің клиенттеріне лезде ақша аударып, сатып алушы мен сатушы қай банк клиенті екеніне қарамастан, QR-код арқылы да тауар мен қызмет ақысын төлей алады. Аударымдар мен төлемдер тәулік бойы нақты уақыт режимінде орындалады.

БМТЖ кәсіпкерлерге жүйеге кірген барлық банктің клиенттерінен бір ғана QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға мүмкіндік береді.

Ол үшін жаңа жабдық орнатудың қажеті жоқ, қызмет қолда бар терминалдармен көрсетіле береді. Ал мобильді қосымшаларды жаңарту мәселесі бойынша қызмет көрсетуші банктің өзіне жүгіну қажет", – делінген хабарламада.