Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаты Қытайдың Ханчжоу қаласында 10-17 шілде аралығында өтті. Әлемдік додаға ерлер арасында 16 ұлттық құрама қатысқан.
Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен сынға түсіп, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, плей-офф кезеңіне жолдама алған.
Нәтижесінде 1/8 финалда қазақстандық волейболшылар Польша құрамасын 3:0 есебімен айқын жеңсе, ширек финалда Руанда құрамасын 3:0 есебімен ұтқан.
Дегенмен, жартылай финалда әлемнің ең мықты командаларының бірі – Ираннан 0:3 есебімен жеңілген.
Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде қазақстандық спортшылар Бразилия құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген.
Министрліктің мәліметінше, бұл қола жүлде – Қазақстан құрамасының волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы медалі әрі отандық параспорттың тарихи жетістігі.
