Өскемен әуежайына қатысты жүргізілген тергеу нәтижесінде кәсіпорынға 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды astana24.com.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қалалық әуежайға қатысты тексеру жұмыстарын аяқтады. Тергеу барысында әуежайдың авиаотынды бөлшек саудада өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілеп, оны ұстап тұрғаны анықталған.
Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалды. Соттың бірінші сатыдағы қаулысымен "Өскемен әуежайы" АҚ-ның әкімшілігі жауапкершілікке тартылды, кейін оны Шығыс Қазақстан облыстық соты күшінде қалдырды.
Кәсіпорынға шамамен 8,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, сондай-ақ 10,6 млн теңгеге жуық монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған қаржы толық көлемде бюджетке төленген.
