"Отбасы банк" "Наурыз" бағдарламасына қатысушылар үшін маңызды ақпарат жариялады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.
"Егер сіз "Наурыз" бағдарламасына қатысуға берген өтініміңіз бойынша оң шешім алған болсаңыз, несие рәсімдеп, бағдарлама бойынша тұрғын үйді 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін сатып ала аласыз", – делінген хабарламада.
"Отбасы банктің" мәліметінше, бұрын несие алу туралы оң шешімнің мерзімі 6 аймен шектелетін. Енді бұл мақұлдаудың мерзімі 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін ұзартылып отыр.
"Яғни, егер бұрын белгіленген мерзім ішінде несие рәсімдеп үлгермеген болсаңыз, құжаттарды рәсімдеуді жалғастырып, "Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үйді көрсетілген күнге дейін сатып ала аласыз", – делінген хабарламада.
Банк алдағы күндері клиенттерге мерзімнің ұзартылғаны туралы SMS-хабарламалар жіберілетінін еске салды.
Сондай-ақ банк мерзімді ұзарту тек "Наурыз" бағдарламасы бойынша мақұлданған өтінімдерге қатысты екенін ескертті.
