Енді қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын түгел инвестициялық компанияларға сала алады. Бұл мүмкіндік 7 қыркүйектен бастап күшіне енетін өзгерістерге байланысты. Бұған дейін міндетті зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін ғана аударуға рұқсат етілген, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Экономика саласының сарапшысы Айбар Олжаевтың сөзінше, мұндай зейнетақы жинағының табыстылығы көбірек болуы мүмкін.
"Сіз жинақтап отырған зейнетақыңызды тезірек көбірек көбейтіп беру үшін беруге болады. Егер сенсеңіз. БЖЗҚ табысы 12 пайыз, сол инфляцияның ар жақ бер жағы, ал жекеменшіктер 18 көрсетуі мүмкін. Сонда 6 пайызға жоғары жылына. Егер сіз тәуекелге барып көргіңіз келсе, таңдау жасауға болады", – дейді сарапшы.
Жаңа тәртіп бойынша салымшы жинағының толық көлемін инвестиция компаниясының басқаруына бере алады. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бөлімшесіне барып өтініш жазу қажет.
Сонымен қатар басқарушы компанияны арнайы платформадан таңдауға болады. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты қаржылық ұйымның рұқсаты бар.
"Салымшыларға ИБП-ны таңдау кезінде қолайлы болу үшін зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.еnpf интернет платформасындағы ай сайын барлық қажетті ақпарат жарияланады.
Атап айтқанда, онда қаржылық көрсеткіштер, зейнетақы активтерінің кірістілігі, сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі, инвестициялық портфельдің құрылымы және оның динамикасы көрсетіледі", – дейді "БЖЗҚ" АҚ инвестициялық портфельді талдау басқармасының бастығы Ләззат Әмірғалиева.
