in

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі: ипотека арзандай ма

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында базалық мөлшерлеме бойынша шешім қарапайым қазақстандықтарға қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.

Журналистер базалық мөлшерлеменің төмендеуі мен нарықтық ипотеканың арзандауы арасында белгілі бір уақытша алшақтық болатынын атап өтті.

Олар қазақстандықтар нарықта ипотеканың арзандауын қашан сезіне алатынын сұрады.

"Базалық мөлшерлеме – экономикадағы ақша құнына: несиелерге, депозиттерге, мемлекеттік қарыз құнына, ақша нарығындағы қаражатқа және басқа да көптеген дүниеге әсер ететін өте маңызды макроэкономикалық құрал.

Сондықтан оның әсері бірден байқалмайды, яғни бүгін шешім қабылданып, ертең барлығы қайта есептеліп кетпейді. Уақытша алшақтық әртүрлі сипатта болады, бірақ нарықтық ипотека туралы айтар болсақ, ол екінші деңгейлі банктердің жылдамдығына, олардың базалық мөлшерлеменің өзгеруіне қаншалықты тез әрекет ететініне байланысты.

Алайда бұл бір немесе екі айда болатын дүние емес. Әдетте, мұндай кезең үш айдан алты айға дейін созылады", – деп жауап берді Тимур Сүлейменов.