in

Ең төменгі жалақының өсуі: 2027 жылы бұл өзгеріс қазақстандықтарға қалай әсер етуі мүмкін

Қазақстанда 2027 жылы ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл аз жалақы алатын жұмысшылардың кірісін арттырады. Бірақ кәсіпкерлер мен бизнес шығындары ұлғаяды, деп хабарлайды astana24.com.

Жұмыс берушілер толық жұмыс айы үшін қызметкерлерге белгіленген ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемінен аз төлеуге құқығы жоқ.

Ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу аз жалақы алатын жұмысшылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ЕТЖ бизнес пен жеке кәсіпкерлерге (ЖК) арналған есептеулерде қолданылады.

Сондықтан президенттің оны 2027 жылы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы тапсырмасы жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге әрқалай әсер етуі мүмкін.

ЕТЖ-нің өсуі жұмысшыларға не береді

Жалақысы аз қазақстандықтар көбірек ақша ала бастайды.

Бұл ретте 110 мың теңге көлеміндегі ЕТЖ қолға берілетін сома емес (нетто-мәні), брутто-мәні (яғни міндетті жарналар ұсталғанға дейін) екенін ескеру маңызды. Сондықтан шынтуайтында, алынатын ең төменгі жалақы бұл сомадан сәл аздау болады.

Мәселен, егер басқа көрсеткіштер өзгермесе, бұл жалақыдан мына жарналар ұсталуы мүмкін:

міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) – 10 пайыз мөлшерінде немесе 11 мың теңге; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарнасы – 2 пайыз немесе 2 200 теңге; жеке табыс салығы (ЖТС) – МЗЖ мен МӘМС-тен кейінгі қалдықтан, сондай-ақ базалық салық шегерімі бойынша соманы есепке алмастан (30 АЕК немесе 2027 жылы 140 790 теңге) ұсталады. Бірақ ол жалақы қалдығы сомасынан асатындықтан, ЖТС ұсталмайды.

Нәтижесінде жаңа ең төменгі жалақы алатын қазақстандықтардың қолында 96 800 теңге қалады (МЗЖ мен МӘМС санамағанда). Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2026 жылы қазақстандықтарға 85 000 теңге деңгейіндегі ЕТЖ кезінде 74 800 теңге беріледі. Яғни ең төменгі жалақы 12 мың теңгеге көбейеді.

Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін бұл нені білдіреді

Жеке кәсіпкерлер өзі үшін және әр қызметкері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдарды және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖБМЗЖ) өз есебінен төлеуге міндетті.

Сондықтан олардың шығыны да ұлғаюы мүмкін. Мәселен, әлеуметтік аударымдар түрлі әлеуметтік төлем алуға құқық береді. Ал олардың мөлшері жалақының 5 пайызын құрайды – ЕТЖ өскен кезде олар қазіргі 4 250 теңгенің орнына 5 500 теңгеге дейін өседі.

2027 жылы қызметкер кірісінің 4,5 пайызы мөлшеріндегі ЖБМЗЖ 5 050 теңгеге тең (биылғы 3,5 пайыз мөлшерлемеге сай бұл сома 2 975 теңгені құрайды).

Осылайша, ең төменгі жалақының өсуі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттырады. Бірақ сонымен бірге жеке кәсіпкерлер мен компаниялардың шығыны артады.