Бүгінгі таңда цифрлық шешімдер қарыштап дамып келеді. Бұл бағытта еліміздегі іргелі қаржы институты – "Отбасы банк" АҚ да тың технологияларды пайдалану арқылы тұрғындарға тиімді тетіктер ұсынуда. Солардың бірі – онлайн-ипотека. Ол пәтер алуды қалайтын азаматтардың уақытын үнемдеп, бірнеше батырманы басу арқылы ғана баспаналы болуға мүмкіндік береді.
Статистикалық деректерге зер салар болсақ, елімізде еңбек ететін әрбір үшінші қазақстандық "Отбасы банк" арқылы үйлі болуды жоспарлайды. Бұл мақсатта жинақтаушы шот ашып, несие ресімдеп жатады. Айталық, банкте күніне 2500-ге жуық депозит ашылып, шамамен 140 ипотека ресімделеді. Олардың басым бөлігі онлайн атқарылады. Яғни, қаржылық операциялардың 75%-ы қашықтан жасалады. Бұл тұрғындардың уақытын айтарлықтай үнемдейді.
Осындай жолды таңдап, банкке бармай-ақ баспаналы болғандардың бірі – алматылық Олжас Батырханов. Ол жұмыс орнында отырып-ақ ипотека алуға өтініш жолдап, жуырда көптен күткен пәтер кілтін қолына алмақ.
"Отбасымызбен пәтер жалдағалы үш жылдың жүзі болып қалды. Жалдамалы үйдің ақысын төлеумен қатар ай сайын "Отбасы банктегі" шотымызға тірнектеп қаржы жинадық. Нәтижесінде "Наурыз" бағдарламасы бойынша Алматы облысындағы жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер алдық. Бағдарламаның жылдық пайыздық мөлшерлемесі небәрі – 9 пайыз, сондықтан ай сайынғы төлем салмақ салмайды. Бұл ретте ипотеканы онлайн алу мүмкіндігінің ыңғайлы екенін ерекше атап өткім келеді. Индира Әділхан есімді менеджер барлық көмегін көрсетіп, кеңес берді. Барлық істі жұмыста отырып атқардық. Қызметтен сұранып, банкке барып, ұзын-сонар кезекті күтудің керегі болған жоқ. Банктің клиенттерге деген бұл қадамы өте тиімді", – дейді Олжас Сүлейменұлы.
Онлайн-ипотека алған отбасы жақын арада өз үйіне қоныстанбақ. Жары Гүлзинат пен екі баласының да қуанышында шек жоқ.
Ол жұмыс орнында отырып ипотека алуға өтініш жолдап, жуырда көптен күткен пәтер кілтін қолына алды.
Онлайн қызмет көрсетуде мамандардың білімі мен біліктілігі аса маңызды. Өз ісін жетік білетін сондай менеджерлердің бірі – Абзал Омарбек. Ол жыл басынан бері 455 адамның баспаналы болуына көмек көрсетті. Нәтижесінде осынша қазақстандық отбасы еліміздің әр өңірінде өз шаңырағында тұрып жатыр.
"Онлайн-кредиттеу операторының негізгі міндеті – клиентті ипотекалық заем алу процесінің барлық кезеңінде қашықтан сүйемелдеу. Сол арқылы клиентке қолайлы ипотекалық бағдарламаны таңдауға көмектесіп, оның төлем қабілеттілігін алдын ала бағалап, құжаттарды дайындау бойынша кеңес береміз және өтінімді онлайн форматта рәсімдеуге қолдау көрсетеміз. Осылайша, клиент пен банк арасындағы байланысты қамтамасыз етеміз. Қызметімдегі ең маңызды бағыт – клиентті ипотекаға алдын ала дайындау. Себебі кей адамдардың басқа банктерде берешектері, өзге де қаржылық қиындықтары болады. Сол сияқты мәселелерді өтінім бермей тұрып анықтап, түзетуге болады", – дейді банк менеджері.
Бұл ретте тәжірибелі маман бірнеше кеңесті бөлісті. Абзал Омарбектің айтуынша, ипотекаға дайындықты ертерек бастау керек. Яғни, пәтер тауып алғаннан кейін емес, оған дейін төлем қабілеттілігіңізді бағалап, қажетті құжаттарды дайындаған дұрыс. Сондай-ақ, оң кредиттік тарих қалыптастыру, ипотека рәсімдеу алдында артық несиелер алмау, бастапқы жарнаны алдын ала дайындау маңызды.
Иә, Baspana market порталындағы жеке кабинеті арқылы жылжымайтын мүлікті сақтандыру, сол мүлікке құқықты белгілеу анықтамасын ұсыну, несие кестесіне қол қою – барлығын үйде, жұмыста отырып-ақ атқарады. Онлайн-ипотека ресімдеген клиент банкке бір-ақ рет – сауда-саттықтың соңғы кезеңінде құжаттардың түпнұсқаларын көрсету үшін ғана барады. Қалған уақыттың барлығында менеджермен бейнебайланысқа шығу арқылы барлық шаруаны атқарады.
Мұндай мүмкіндік тұрғындар тарапынан жоғары сұранысқа ие. Салыстырар болсақ, онлайн-ипотека бастау алған 2021 жылдың қыркүйегінен жыл соңына дейін тек 56 несие берілсе, 2022 жылы 2038, 2023 жылы 2881, 2024 жылы 5244 отбасы онлайн түрде үй алды.
Былтыр бұл көрсеткіш екі есе артып, 10735 шаңырақ құтты қонысына жайғасты. Биылдың өзінде 6 098 онлайн-ипотека берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда екі есе көп.
Байқағанымыздай, "Отбасы банктің" онлайн қызметтерін пайдалануды қалайтындардың қатары қалың. Былтыр 4 млн қызмет қашықтан көрсетілсе, жыл басынан бері 1,6 млн онлайн-операция жасалды. Бұл – цифрландыру жобасының жарқын жетістігі. Алдағы уақытта да онлайн баспаналы болатындардың қарасы көбейе түсері анық.
*Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 1.1.111 банк заңнамасында көзделген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясы.
