Ақтөбеде Әкелер күніне орай "Менің әкем" атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Қаланың орталық демалыс орындарының бірі – "Астана" саябағында өткен шараға тұрғындар мен қонақтар көптеп жиналды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Іс-шараның басты мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін дәріптеу, әке мәртебесін көтеру, отбасылық құндылықтарды нығайту және жас ұрпаққа өнегелі әкелердің үлгісін насихаттау.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі – "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі болды. Сонымен қатар қоғамдық өмірге белсенді араласып, өнегелі отбасы қалыптастырып, бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелерге құрмет көрсетілді.
Мереке аясында саябақ аумағында тұрғындарға арналған түрлі танымдық және ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Қонақтар тақырыптық кітап көрмесін тамашалап, ұлттық және спорттық ойындарға қатысты. Сондай-ақ ағаш пен былғарыдан жасалған ұлттық қолөнер бұйымдары ұсынылған "Дәстүр" брендінің көрме-жәрмеңкесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Балалар үшін арнайы ойын алаңы ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы фотоаймақтар безендірілді. "Әке мұрасы" алаңында қолөнердің әртүрлі түрлері бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Келушілер ерекше қызығушылық танытқан алаңдардың бірі – "Қаһарман әкелер мамандықтары" көрмесі болды. Мұнда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің және кинологтардың қызметі таныстырылды.
Ал "Әкеммен сурет" арт-аймағында арнайы шақырылған суретшілер әкелерімен бірге келген қатысушылардың қарындашпен салынған портреттерін әзірлеп, мерекеден естелік сыйлады.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әкелер күніне арналған тағылымды шара отбасылық құндылықтарды насихаттап, әке еңбегіне деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды мерекелік іс-шаралардың біріне айналды.
