Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен кеңес барысында қазақстандықтардың жәрдемақы алудан өз еркімен бас тарта бастағаны белгілі болды, деп хабарлайды үкіметке сілтеме жасаған astana24.com.
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
"Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформа аясында ерекше маңызды.
Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті", – деді Олжас Бектенов.
Қолдау шаралары
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың хабарлауынша, "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығына қатысты деректер біріктірілген.
Бағалаудың объективтілігін арттыру мақсатында деректерді жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып тексереді.
Кеңесте Олжас Бектенов өңірлердегі жағдаймен танысты. Бұған дейін өңір басшыларына "Отбасының цифрлық картасы" арқылы анықталған мұқтаж азаматтарға проактивті қолдау көрсету жұмыстарын күшейту тапсырылған болатын. Мұның аясында олардың жұмыспен қамтылуы мен білім алуына, жеңілдетілген несие рәсімдеу және өз кәсібін ашуға жағдай жасалуы тиіс.
"Жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының өмір сүру жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы осы санатқа ауыстырылды", – делінген хабарламада.
Жәрдемақы реформасы
Сонымен қатар кеңесте әлеуметтік төлемдердің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында оларды оңтайландыру жөніндегі реформаның жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты әкімдіктермен бірлесіп, үй шаруашылықтары деректерін тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұл санаттағы азаматтар үшін өзгерістер әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің тек 14-іне қатысты болады. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері өзгеріссіз сақталады.
Көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық көлемде сақталатыны атап өтілді.
"Бүгінде SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді. Осы бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады", – делінген хабарламада.
Әл-ауқат деңгейінің калькуляторы
Олжас Бектенов мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді автоматты түрде толтыру арқылы отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтауға болатын калькуляторды азаматтарға ыңғайлы етуді тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктерді "Отбасының цифрлық картасына" қосуды жеделдету тапсырылды.
"Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті атқарушы органдар көрсететін, бұрын бытыраңқы болған 66 әлеуметтік көмек шарасына ревизия жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша орталық және жергілікті деңгейлерде ішінара қайталанатын 38 шара оңтайландырылды, ал қалған 28 шара бүкіл ел бойынша бірыңғай тағайындау критерийлері бар 13 ірі бағытқа біріктірілді.
Жүйе қолдау көрсетудің өтініш беруден бастап төлемді нақты алуға дейінгі барлық кезеңін бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ алушылардың санын, қолдау шараларына сұранысты және жергілікті бюджеттердің шығыстарын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл қаражатты бөлудің ашықтығын арттырып, бір төлемнің екінші рет қайталануын болдырмайды", – делінген хабарламада.
Бектеновтің тапсырмасы
Олжас Бектеновтің айтуынша, құралдардың сенімді деректерге негізделіп, азаматтардың мүддесіне бағдарланған бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істеуі маңызды.
"Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан бұған дейін де әлеуметтік бағдарланған мемлекет болды және солай болып қала береді. Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мұқтаждық пен атаулылық қағидатына көшіруді көздейтін ауқымды реформаны жүзеге асырып жатырмыз.
Бұл ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті қолдауды толық көлемде ала береді. Мұқтаж азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде сақталады. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кездесулер өткізу кезінде осы мәселеге ерекше назар аудару қажет", – деді үкімет басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау ережелері түбегейлі өзгереді. Бұрын негізгі шарт баланың дүниеге келуі, көпбалалы болу немесе мүгедектіктің болуы болса, енді мемлекет отбасылардың материалдық жағдайын кешенді түрде бағалауға көшеді.
Бұған дейін Қазақстандағы отбасылардың әл-ауқат деңгейі бес санат бойынша анықталатынын жазған едік.
