Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитте сөз сөйлеп, БҰҰ-ның әлемдегі қақтығыстарға әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, форум беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде өтіп жатыр.
"Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр. Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады.
80 жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді" – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады.
"Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн.
Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет.
Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті", – деп пікір білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
