Ақорда кулуарында Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Балқаш пен Курчатовтан бөлек Қостанайда да атом электр станциясын салу қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.
Агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қостанай АЭС салу бойынша ұзақ мерзімді жоспарда тұр, ол 20-30 жылдық кезеңге қарастырылады.
"Орта есеппен алғанда, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом электр станциясын салу өте ұзақ процесс. Яғни құрылыстың ауқымы мен күрделілігін, тек технологиялық аспектілерді ғана емес, сонымен қатар құрылыс жұмыстарының, ұйымдастырудың және жабдық өндірісінің көлемін де түсіну керек.
Орта есеппен бүкіл әлем бойынша жобалау жұмыстары шамамен 5-7 жылға, ал құрылыс жұмыстары шамамен 10-15 жылға созылады. "Жұмыс жүрмей жатыр" деген сөзбен келіспеймін. Керісінше, бірінші алаң – Үлкен ауылының жанындағы Балқаш станциясында жұмыс толығымен кесте бойынша жүріп жатыр.
Жобалау және зерттеу жұмыстары толығымен аяқталды. Ресейліктер инженерлік зерттеу жүргізді, гидрология және гидротехника жүргізді, топырақ пен су сынамаларын алды. Алаңның жарамдылығын анықтау үшін 60-тан астам ұңғыма бұрғыланды", – деді Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің басшысы.
Ол МАГАТЭ талаптарына сәйкес жылдық мониторинг басталғанын атап өтті.
"Яғни барлық негізгі параметрлер – сейсмика бойынша, жел және су сапасы жыл бойы бақыланады. Бұл деректер құрылыстың нақты жобасына енгізіледі. Негізі біз жабдықты таңдауды бастадық", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Еске сала кетейік, еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы былтыр, 2025 жылғы тамызда Алматы облысы Үлкен ауылында басталған еді.
