Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитте Арал теңізінің жағдайы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан президентінің сөзінше, су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе.
"Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты.
Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді.
Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бірнеше жыл бұрын Қазақстан көршілес елдермен Арал теңізін толтыру жөнінде келісімге келген. Кейін Экология министрлігі Арал теңізінің табанында сексеуіл орманы пайда болатынын мәлімдеген еді.
