Мемлекет басшысы бүгін, 15 тамызда Үндістан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай премьер-министр Нарендра Модиге, сонымен бірге Конго президентіне Тәуелсіздік күніне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
"Президент жеделхатында Үндістанның халықаралық қатынастардағы орны елеулі екенін, сондай-ақ үлкен экономикалық жетістікке жетіп, зор ғылыми-техникалық әлеуетке ие болып отырғанын атап өтті", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, түрлі салада өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модидің жауапты қызметіне табыс, ал достас Үндістан халқына бақ-береке тіледі.
Сонымен бірге Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо мен оның отандастарын ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Президент еліміз Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес санайтынын атап өтті. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында нығая беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоның жауапты қызметіне толайым табыс, достас Конго халқына құт-береке тіледі.
