in

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та өтетін G20 саммитіне Тоқаев қатысатынын растады

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың желтоқсанында АҚШ-та өтетін G20 саммитіне қатысады. Оны саммитке қатысуға АҚШ президенті Дональд Трамп шақырды, деп хабарлайды astana24.com.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысады.

Кездесуге дайындық мәселелерін Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капур талқылады.

"Кездесу барысында тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін "G20" саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Саммитке мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды түрде қалыптастыру мақсатында одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін білдірді", – делінген хабарламада.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйін және Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің перспективаларын қарастырды.

Кездесуге қатысушылар экономикалық ынтымақтастық мәселесіне жеке тоқталды.

"Америкалық тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады және энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестициялар салаларындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті", – деп атап өтті СІМ.

Ермек Көшербаев сұхбаттасын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар етіп, елдің дамудағы жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Осыған байланысты 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іс жүзінде іске асырудағы маңызды кезең болатыны аталып өтті.

"Су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды", – делінген хабарламада.