Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәжіліс кулуарында Еуропа одағы елдерімен Шенген визасы туралы келісімнің қай сатыда екенін айтты, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
"Бұл жерде Қазақстан азаматтарын Шенген аймағы елдеріне виза талап етуден босату туралы сөз болып отырған жоқ, келісім Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алу процесін жеңілдетуге қатысты болады. Бұл өте маңызды… Әлдеқайда оңай болады (Еуропа елдеріне виза алу – редактордың ескертпесі).
Егжей-тегжейіне тоқталғым келмейді, бірақ алдымен жалпылама айтайын – құжаттарға қойылатын талаптар реттеледі. Бұл өте маңызды. Көп мәрте кіруге рұқсат беретін визаларға қатысты мәселе де талқылануда. Біз, әрине, оның бағасын арзан етуге тырысып жатырмыз", – деді Әлібек Бақаев.
Оның сөзінше, ЕО елдері тиісті келісімді реадмиссия келісімімен бір мезгілде қарастырып жатқанын атап өтті.
"Бұл екі құжат бірге жүзеге асырылуда. Еуропалық тарап бұл екі құжатқа бір уақытта қол қоюды жоспарлап отыр. Біз оларды ратификациялауға бір уақытта ұсынуымыз керек.
Мерзімге келетін болсақ, біз келіссөздер процесінің бәрін 2026 жылдың екінші жартысына дейін аяқтағымыз келеді. Содан кейін екінші процедура басталады. Қол қойылғаннан кейін, бұған дейін айтқанымдай, ратификациялау басталады. Біздің тарапымызда біз тек парламентімізде ратификацияланса, Еуропалық Одақта Еуропарламент үшін барлық ЕО-ға мүше мемлекеттер де міндетті түрде өз шешімін білдіруі керек", – деп түсіндірді ол.
