Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Нигерия президенті Бола Ахмед Тинубуға ұшақ апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Ондо штатында Нигерия Әскери әуе күштерінің ұшағы апатқа ұшырап, адамдардың қаза табуына байланысты президент Бола Ахмед Тинубуға көңіл айтты.
"Мемлекет басшысы жеделхатта жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізді", – делінген хабарламада.
24kz мәліметіне сүйенсек, Нигерияда әскери ұшақтың апатқа ұшырауына байланысты Аза тұту күні жарияланды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 25 адам қаза тапты. Құрбан болғандарды еске алу үшін бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар төмен түсірілді.
Қайғылы оқиға кеше Нигерияның оңтүстігінде болды. Әуе кемесі Бениннен Лагосқа қарай жоспарлы рейс орындаған. Бірнеше сағаттан кейін әуе диспетчерлері мен ұшақ арасында байланыс үзілген. Кейінірек ұшақтың жергілікті әскери-теңіз базасының маңына құлағаны расталды. Қайғылы оқиғаның нақты себептері әзірге анықталған жоқ, тергеу амалдары жүргізілуде.
