in

Тоқаев қорғаныс министрінің тағы бір орынбасарын лауазымынан босатты

Қазақстан Қорғаныс министрлігінде кезекті кадрлық ауыс-түйіс болды – президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әскер Бейсеновті министрдің орынбасары лауазымынан босатты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

"Мемлекет басшысының өкімімен Әскер Құрманғалиұлы Бейсенов Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды", – делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігінің сайтындағы мәліметке сүйенсек, Әскер Бейсенов 1978 жылы 12 қазанда Петропавл қаласында дүниеге келген.

1999 жылы Ярославль жоғары әскери қаржы училищесін "Әскерлерді қаржылық қамтамасыз ету және әскери шаруашылық экономикасы" мамандығы, 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін "Құқықтану" мамандығы, 2014 жылы Қаржы академиясын "Менеджмент" мамандығы бойынша аяқтаған.

Қазақстан әскерінде полковник Әскер Бейсенов Б. Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушісінен бастап, ҚР Қорғаныс министрлігі Экономика және қаржы департаментінің бастығына дейінгі жолдан өткен.

Әр жылдары бюджеттік жоспарлау және қаржы саласында жауапты лауазымдарда болған. Сонымен қатар шет елдегі дипломатиялық корпуста қызмет атқарған.

2023 жылғы 24 сәуірде президент өкімімен қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығында ауыс-түйіс болды. Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Сондай-ақ 3 қазанда президент қорғаныс министрінің екі орынбасарын және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын қызметінен босатты.

6 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының жаңа бастығын тағайындады. Бұл қызметке Айтқұрман Омарбеков келді.