Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бүгін Президент әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатылған Айбек Дәдебайдың немен айналысатынын айтты, деп хабарлайды astana24.com.
Айбек Смадияровтың Telegram-дағы арнасында жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген Айбек Дәдебайдың жұмысына жоғары баға беріп, зор ризашылығын білдірген.
"Таяу уақытта елімізде ауқымды саяси науқан өтетіні белгілі. Осындай сындарлы сәтте Айбек Арқабайұлы мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қоғамдық-саяси жұмыспен айналысады", – деп атап өтті президенттің баспасөз хатшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Айбек Дәдебайды Президент әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатып, оның орнына Роман Склярды тағайындады.
