Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов 2026 жылдың І жартыжылдығында шаһарда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады, деп хабарлайды Қызылорда қаласының әкімдігі.
Қызылорда қаласында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң серпін көрсетті. Қала экономикасының негізгі салаларында тұрақты өсім сақталып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Өткен жылы қаланың бюджеті 73 млрд 100 млн теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңына дейін екі еседен астам өсіп, 154 млрд 200 млн теңгеге жеткен болатын. Биылғы жылы бюджет 94 млрд 200 млн теңге болып бекітілсе, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттердің есебінен оның көлемі 226 млрд 632,3 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Қаражаттың басым бөлігі құрылыс, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округтердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда.
Қала экономикасындағы оң өзгерістер әлеуметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына, инфрақұрылымның жаңаруына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Инвестициялық белсенділік жылдан-жылға артып келеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,8 пайызды көрсетті.
Инвестицияның негізгі бөлігін жеке сектор құрап отыр. Жеке инвестиция көлемі 116 млрд 124 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,9 пайызға артты.
Құрылыс саласында да тұрақты өсім байқалады. Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 73 млрд теңгені құрап, 114,8 пайызға орындалды.
Тұрғын үй құрылысы да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 201 399 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,5 пайызға жетті.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 млрд 897 млн теңгені құрады.
Инвестиция көлемінің ұлғаюы өңір экономикасының тұрақты дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға негіз қалайды.
