Атырау қаласының әкімі қызметінен кеткен Шәкір Кейкин Instagram-дағы парақшасында жазба жариялап, шаһар тұрғындарына алғысын айтты, деп хабарлайды astana24.com.
"Құрметті Атырау қаласының тұрғындары! Үш жылдан астам уақыт атқарып келген Атырау қаласының әкімі қызметіндегі жұмысымды аяқтап жатырмын.
2023 жылдың шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін шаһар басшысы болып, туған қаламыздың дамуына өз үлесімді қосуға мүмкіндік алғанымды үлкен жауапкершілік әрі абырой деп білемін", – деді ол.
Шәкір Кейкин осы уақыт ішінде қаланың инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылғанын атап өтті.
"Әрине, шешімін күткен мәселелер де, алда атқарылатын жұмыстар да бар. Қаланың дамуы – бір адамның емес, барша тұрғынның ортақ еңбегінің нәтижесі.
Осы жылдар ішінде қала тұрғындарымен жүздеген кездесу өткізіп, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тікелей тыңдадық. Кей мәселелерді бірден шешуге мүмкіндік болса, кейбірінің шешімі уақытты қажет етті. Бірақ әр мәселе назардан тыс қалмауы үшін жұмыс жүргізілді.
2024 жылы Жайық өзеніндегі су деңгейі шамадан тыс көтерілген кезде де күндіз-түні тынымсыз жұмыс істедік. Қала үшін күрделі кезеңді аман-есен өткеріп, қысқа уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Сол сәтте мен Атырау халқының бірлігін, ұйымшылдығын және туған қаласына деген жанашырлығын анық көрдім. Бұл – менің қызмет жолымдағы ең маңызды сәттердің бірі болып қалатыны сөзсіз.
Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен облыс басшылығына, әріптестеріме, қаладағы барлық мекеме мен ұйымдардың қызметкерлеріне, еңбек адамдарына, қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділеріне және ең бастысы – Атыраудың әр тұрғынына алғысымды білдіремін", – деді ол.
Шәкір Кейкин қала әкімі ретінде қызмет еткен жылдар өзі үшін үлкен мектеп болғанын айтты.
"Атыраудың әр жетістігі мен үшін қымбат. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ал сүйікті қаламыз Атырауға тұрақты даму мен толағай табыс тілеймін", – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Шәкір Кейкиннің Атырау қаласының әкімі қызметінен кеткені белгілі болды.
