in

Тоқаев Қазақстан президенті Іс басқарушысының орынбасарын тағайындады

Қасым-Жомарт Тоқаев Алмас Исаковты Қазақстан президенті Іс басқарушысының орынбасары етіп тағайындады, деп хабарлады Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

"Мемлекет басшысының өкімімен Алмас Серікұлы Исаков Қазақстан Республикасы президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымына тағайындалды", – делінген Ақорда хабарламасында.

Өмірбаяны

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сайтындағы деректерге сәйкес, Алмас Исаков 1985 жылы 25 мамырда дүниеге келген.

Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен Ұлыбританиядағы Экзетер университетін бітірген (University of Exeter), "Болашақ" Президенттік бағдарламасының стипендиаты.

Мансабы

Еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті маманының м.а. қызметінен бастаған.

2010 – 2012 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық департаментінің бас маманы болып жұмыс істеген.

2012-2014 жылдар аралығында – ҚР Қаржы министрлігі мен Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрлігінде сарапшы және бас сарапшы лауазымдарын атқарған.

2015 жылдан 2019 жылға дейін салық және кеден саясаты Департаменті салық саясаты басқармасының басшысы, кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау Департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

2019 жылы Ақпараттық-талдау орталығының жедел талдау секторының меңгерушісі және Қазақстан Республикасы премьер-министрі Кеңсесінің жобалық басқару орталығының бас инспекторы лауазымдарын атқарған.

2019 – 2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің стратегия департаментінің директоры ретінде еңбек еткен.

2021 жылғы ақпаннан 2023 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің қаржы нарықтары секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2023 жылғы қаңтарда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

"Параграф" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы желтоқсанда Алмас Исаков Президент Іс басқармасы аппаратының басшысы болып тағайындалған.