Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбына қатысты өткір жазба жариялады. Ол әйелдерге қол көтеретін ер азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды astana24.com.
Димаш Instagram парақшасында ашуға толы жазба жария етті. Әнші әйелдерге қол көтеретіндерді еркек деп атауға лайық емес деп санайды.
"Әйелді сабап, соны мақтаныш көретіндер, қай беттеріңмен өздеріңді еркекпін деп жүрсіңдер?! Жұдырықтарың әйелге ғана жүретін болса, сендер еркек емес — малсыңдар, болды. Әйелге әлімжеттік жасап абырой жинаймын деу — адамдықтың ең төменгі шегі!", — деп жазды әнші.
Желі қолданушыларының реакциясы
Димаштың бұл сөздері әлеуметтік желіде санаулы минуттардың ішінде мыңдаған қолдау пікір жинады. Желі қолданушылары әншінің позициясына сүйсініп, өз ойларын білдірді.
"Әр қазақтың жігіті Димаштай болсын. Нәзікжандыларға қорлық емес, қамқорлық қажет", "Егер барлық еркек сен сияқты және сенің отбасыңдай болғанда, әлеміміз жұмаққа айналар еді" — деп пікір қалдырды қолданушылар.
Шетелдік жанкүйерлер де өз тілдерінде жарыса пікір жазып, Димаштың сөздерін "нағыз ер азаматтың сөзі" деп бағалады. Олар мұндай маңызды проблеманы айналып өтпей, қоғам назарын аудару мәселені шешуде өзіндік үлес қосатынын атап өтті.
