Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты сот отырысы басталмас бұрын істің қай бап бойынша сотқа жолданғанын айтты, деп хабарлайды astana24.com.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
"Тергеу аясында үйдің қасбеті мен кондиционерге (оның қаншалықты дұрыс орнатылғаны – ред.) сараптама жүргізілді. Қазір сот істі Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге немқұрайлы қарау") бойынша іс қарап жатыр. Бұл бап дәл МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) төрағасының жауапкершілігін қарастырады. МИБ төрағасы ақауларды жою үшін әкімдікке ескерту жасауы немесе ұсыныс беруі керек еді. Алайда мұндай әрекеттер жасалмады", – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер құлап, адамдар зардап шеккен еді.
Кейін оқиға орнында жедел жәрдем фельдшері де жарақат алғаны белгілі болды. Ол зардап шеккен ер адамды үйінді астынан шығарып алмақ болған кезде, басына 9-қабаттан кондиционер құлаған.
Өкінішке қарай, 18 қарашада фельдшер көз жұмды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм Ұлдана Мырзуанды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Зардап шегушінің бас сүйегіне трепанация жасалды.
Ал биыл шілденің соңында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанкулова бұрынғы күйеуі екінші рет үйленіп жатқанын естіп, қазақстандықтарға үндеу жасады.
Көп ұзамай Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел мен оның анасы қоғам сынына жауап берді. Зейнел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді. Ол "істі соңына дейін жеткізіп, әділдікке қол жеткізгісі" келетінін айтқан.
