in

"Жыламаған күнім болмады": Жұлдыз Өмірғали Айқынмен қалай танысқанын еске алды

"КешYou" тобының бұрынғы солисі Жұлдыз Өмірғали "Мамский әңгіме" YouTube-жобасын жүргізуші Айнұр Ілиясоваға берген сұхбатында жолдасы Айқынмен қалай танысқанын айтып берді, деп хабарлайды astana24.com.

Жұлдыз Айқынмен алғаш 2015 жылдың қазанында Шымкент қаласында өткен тойда жолыққанын еске алды. Әнші басында Айқын туралы мүлде басқа ойда болғанын жасырмады.

"Сыртынан қарағанда ол маған кішкене тәкаппар сияқты көрінетін. Ал ол, керісінше, біз туралы "өздерінше болып, амандаспайды" деп ойлап жүріпті. Шымкенттегі тойда директор бізге тамақтануға рұқсат берді. Ол кезде линзамды тақпаған соң, көзім де жақсы көрмейді. Ар жақта біреу сөйлеп жатыр, аузына қарап "ас болсын" деді-ау деп, "иә, иә, ас болсын" деп тамағымды жеп отыра бердім. Ол Заттыбек ағаның қасында отырған Айқын екен", — дейді Жұлдыз.

Жұлдыздың сөзінше, сол түні қонақүйге келгенде оған Айқыннан "Привет, как дела? Похорошела" деген сөздермен хат келген. Ол хатқа жауап беріп, әрі қарай дос ретінде жазысып жүрген екен. Ол кезде Жұлдыз Айқынның жасын да, отбасылық жағдайын да білмегенін алға тартты.

"Ол кезде не жасын, не отбасылық жағдайын да білмейсің. Әрине, ойда жоқ қой (күледі), әйелі бар адам жазады деген… Сөйтіп достық болды басында, күнделікті жазып жүрді. Сөйлесіп жүріп, қараша айында кездестік, 13 қарашада Алматыда… Желтоқсан айынан бастап жұп болып жүре бастадық", – деп есіне алды Жұлдыз.

Жұлдыз Айқынның отбасылы екенін тек ақпанда бейнеклип шыққанда білгенін сөз етті. Ал көпшілік Жұлдыз бен Айқынның қарым-қатынасы туралы шет жағасын құдалық жасаған кездегі видео таралып кеткесін білген.

"Жалпы естімеген сөзім, жыламаған күнім болған жоқ. Бірақ Айқын: "Бәрі де өтеді, кетеді, ертең ұмытылады. Бәрі жақсы болады, мен сені жақсы көремін, жаныңда боламын. Маған сен, айтқанымдай болады" дейтін. "Жарайды, сенемін" деп, кейін 10 жыл өтіп кетті. Биыл қазанда 11 жыл болады", — дейді әнші.