in

Маңғыстауда әйгілі Джеки Чан ойнайтын "Доспехи Бога 4: Ультиматум" фильмінің түсірілімі басталды

Маңғыстау облысында әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін "Доспехи Бога 4: Ультиматум" халықаралық киножобасының түсірілімі басталды, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасаған astana24.com.

Әкімдіктің мәліметінше, Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафттарында киножобаның алғашқы кадрлары түсірілген.

Фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған.

7-12 маусым аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын түсірілім тобы түсірілім жұмыстарын жүргізген.

Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері шығармашылық топ өкілдерімен кездескен.

"Маңғыстау киноиндустрия саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны насихаттауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз", – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Хабарламада аталған жоба отандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға саналатыны және ішкі туризмді халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылған.

"Өңірдің бірегей табиғи және тарихи нысандарының халықаралық кино жобада көрініс табуы миллиондаған көрерменнің назарын аударып, туризмнің дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және өңір мен еліміздің халықаралық беделінің нығаюына ықпал етеді", – делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Түсірілім жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр, ал фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қыркүйектің соңында атақты актер Джеки Чан әлеуметтік желіде қазақстандық серіктестерімен түскен фотосын жариялап, Қазақстанға локацияларды зерттеу үшін келгенін жазған еді.

Кейін әйгілі актер басты рөлде ойнаған "Доспехи Бога" фильмінің төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілейін деп жатқаны белгілі болды.

Кейінірек "Доспехи Бога: Ультиматум" фильмінің түсірілім орны ретінде Маңғыстау таңдалғаны хабарланды.