in

Ұлан Қонысбаев: Мұндай жобаға футболшылар арасынан мен бірінші қатысып тұрмын

"Qazaqstan" ұлттық телеарнасынан эфирге шыққан "Егіз лебіз" мегажобасында кәсіби футболшы Ұлан Қонысбаев бақ сынауда. 25 жыл бойы жасыл алаңда өнер көрсетіп, бір сәтте сахнадан бір-ақ шыққан спортшы телевизиялық жобадан алған әсерін айтты.

Жобада кәсіби вокалистер мен өзге сала мамандарынан құралған 12 жұп жанды дауыста ән айтып сынға түседі. Алғашқы шығарылымнан-ақ көрерменді өнерімен тәнті етіп, Instagram желісінде қызу талқыға түскен жұп – әнші Балжан Бидаш пен футболшы Ұлан Қонысбаев дуэті.

Жұлдызды жұп "Егіз лебіз" сахнасында "Махаббат" әнін орындады.

Айта кетерлігі, Ұлан Қонысбаев – телевизиялық ән байқауларына қатысқан алғашқы кәсіби футболшы. Ол 10 жасынан бастап футбол ойнай бастап, 2009 жылдан бері футболдан ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.

2016 жылы ойын барысында ауыр жарақат алып, футболшыға 3 рет ота жасалған.

"Бұл сәт өмірімді екі арнаға бұрды. Жарақатымнан кейін алаңға оралуым қиын болды. Бірақ бәрін еңсеріп, араға екі жыл салып ұлттық құрама сапына қайта қосылдым", – деп қиын кезеңді еске алды спортшы.

Бастапқыда Ұлан Қонысбаев жобадағы жұлдызды жұбының ер адам болғанын қалаған. Алайда танымал футболшы әнші Балжан Бидашпен жұп болды.

"Бұндай жобаға футболшылар арасынан мен ең бірінші болып келіп тұрмын. Көрермендерге өте қызық болатын сияқты. Балжанмен жобада ортақ қызығушылықтарымыз пайда болып, тез тіл табысып кететінімізге сенімдін. Кәсіби маманнан үйренерім көп. Өзімді жаңа қырымнан танытуға дайынмын", – деді Қонысбаев.

Еске сала кетейік, "Егіз лебіз" мегажобасы "Qazaqstan" телеарнасынан әр сенбі 20:00-де эфирге шығады. Музыкалық жобаның бірінші бағдарламасының толық нұсқасын мына сілтеме бойынша көре аласыздар.

Телевизиялық байқауға қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін Әлем чемпионы Қазбек Сағын, дәрігер Айнұр Тажина, Астанада 3 жасар бүлдіршінді құтқарған Сәбит Шонтақбаев, айтыскер ақын Айым Асылбекқызы, актерлер Қобыланды Болат пен Сырым Қашқабаев, актриса Жанел Серғазина мен Гүлнар Силбаева, Зарина Кармен, тележүргізуші Алла Гаврина, блогер-вайнер Таня Тұрлай, әншілер Ғаділбек Жанай, Қазыбек Құрайыш, 2RAR, AUKA, Еркеш Хасен, Дастан Оразбеков, Альбина Шардарова, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, опера әншісі Дариға Мұсаева қатысуда.

Музыкалық жобадағы тартысты бәсеке енді басталуда. "Егіз лебіз" байқауының екінші бағдарламасының анонсын оқырмандар назарына ұсынамыз.