Алматыда 21 тамызға жоспарланған стендап-комик Ғалым Қалиақпаровтың концерті өтпейтін болды, деп хабарлайды ұйымдастырушыларға сілтеме жасаған astana24.com.
"Central standup Almaty" стендап-клубының Instagram-дағы парақшасында Ғалым Қалиақпаровтың Алматыдағы концерті болмайтыны туралы ақпарат жарияланды.
"Іс-шара тоқтатылды. Бұл ұйымдастырушыға байланысты емес. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", – делінген хабарламада.
Афишада көрсетілгендей, концерт ертең, 21 тамызда өтуі керек еді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ғалым Қалиақпаровтың Астанадағы концерті кенеттен тоқтатылған еді.
Есіл ауданының әкімдігі NUR.KZ тілшісіне 19 тамыздағы концерттің ресми түрде келісілмегенін мәлімдеді. Ұйымдастырушылар іс-шара өткізілгенге дейін 10 күн бұрын әкімдікке міндетті хабарлама жібермеген.
