Алматы халықаралық әуежайының терминалын су басуына байланысты шаралар қабылданды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды astana24.com.
Ведомство мәліметінше, көлік министрлігінің басшылығы Алматы халықаралық әуежайының әкімшілігімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, терминал шатырының су басу фактісіне байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Азаматтық авиация комитеті әуежайды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Әуежай басшысы техникалық мәселелерге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады.
"Әуежай әкімшілігі жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар күшейтіліп, барлық қажетті жұмыстар жедел режимде жүргізілуде.
Жұмыстарды аяқтау және су басу себептерін толық жою 6 ай ішінде жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.
Көлік министрлігі мұндай бұзушылықтар алдағы уақытта дереу тоқтатылатынын, азаматтық авиация саласындағы заңнама талаптарының сақталуына және авиациялық инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмыс істеуіне қатаң бақылау қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, өткен жексенбіде Алматыда жауған нөсер салдарынан әуежайды су басты. Әуежайдың баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме беріп, жаңбыр салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының кей жерінде шатырдан су аққанын растады.
