Астанада полиция мен әкімдік өкілдері елорда саябақтарында рейд жүргізуде. Олар табиғат аясында демалыс ұйымдастырған тұрғындардың қоқыс қалдырмауын қадағалап жатыр, деп хабарлайды astana24.com елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Астана әкімдігінің мәліметінше, қала билігі полиция қызметкерлерімен бірлесіп саябақтарда рейд өткізуде. Соңғы рейдтердің бірі Триатлон саябағында өтті.
Әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері саябаққа келген қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандар қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтау, демалыстан кейін қоқысты жинау, аумақты ластамау, сондай-ақ белгіленбеген орындарда от жақпау қажеттігін атап өтті.
""Таза Қазақстан" акциясы аясында Алматы ауданындағы саябақтарда апта сайын профилактикалық рейдтер өткізіледі. Атап айтқанда Жерұйық және Триатлон парктері – ауданымыздағы адамдар көп жиналатын ірі демалыс орындары. Мұнда тұрғындар көкке шығып, пикник ұйымдастырып, кей жағдайда белгіленген ережелерді бұзып, қоқыс тастап жатады. Осындай әрекеттердің алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз", – деді Алматы ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.
Сонымен қатар рейд барысында учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті сақтау және тазалық талаптарының орындалуына бақылау жүргізіп келеді.
"Біз белгіленген учаскелік аумақта күн сайын профилактикалық рейдтер өткіземіз. Мұндағы басты мақсат қала тұрғындарын тазалық сақтауға бейімдеу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу.
Әсіресе саябақтар мен демалыс орындарында азаматтардың қоқысты белгіленбеген жерге тастамауына, табиғи аумақтарға зиян келтірмеуіне және белгіленбеген орындарда от жақпауына назар аударамыз. Әр тұрғын қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртібін сақтауға өз үлесін қосуы керек. Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық турал кодекстің 505-бабы 2691 құқық бұзушы, ал 434-2-бабы бойынша 30-дан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді Астана қаласы Алматы ауданы Полиция басқармасы №4 учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты аға инспекторы Нұралы Тәңірбергенов.
