Ақтауда пластикалық ота жасатпақ болып, қайтыс болған депутаттың өліміне қатысты жаңа деректер айтылды. Марқұмның туыстары ота жасар алдында Ербол Айтуовтың денсаулығы дұрыс тексерілмегенін айтып, жанайқайын жеткізді. Алайда клиника дәрігерлері "бізден қате кеткен жоқ" деп мәлімдеуде, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна дерегінше, марқұмның зайыбы Лаура Айтуова пластикалық хирургия клиникасының қызметкерлерін немқұрайлық танытты деп айыптап, заңгерлердің көмегіне жүгінген. Заңгердің айтуынша, операция алдында тапсырылған талдаулар толық тексерілмеген. Яғни анестезиолог интубацияны дұрыс жүргізбей, соның салдарынан науқастың тыныс алуында қиындық туындаған деп отыр. Соның әсерінен қан қысымы 225-ке дейін көтеріліп, қант мөлшері де күрт артып, ишемиялық инсульт алып, комаға түсіпті.
"Анализдері толық болмаған, медициналық кері әсері болған, оның ағзасында аурулар болған, оған ешқандай тексеру жасалмаған. Қант құрамы жоғары болған. Мұндай жағдайда хирург отаға алмау керек. Анестезиолог анестезия салмас бұрын, одан екі күн бұрын әңгімелесіп, оның жағдайын білуі керек. Ондай жүргізілмеген", – дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Алдирза Қуанышкереев.
Ал клиниканың бас дәрігері марқұм пластикалық ота алдында барлық дайындықтан өтті дейді.
Ербол Айтуов иегінің астындағы майды алдырып, бұлшық еттерін тарттырғысы келген. 49 жастағы Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов жекеменшік клиникада липосакция жасатпақ болған. Алайда наркоздан кейін оның қан қысымы көтеріліп, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Осы оқиғаға байланысты жекеменшік клиниканың бас дәрігері әлеуметтік желіде тараған кей ақпаратты жоққа шығарды. Медициналық мекеме марқұмға мұнда операция жасалмағанын және клиниканың 2015 жылдан бері лицензия негізінде жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты.
"Операция жасаудың алдында мониторға көзім түседі. Мониторда қан қысымы 210-220-ға көтеріліп тұрады. Сол себепті мен операция жасауға болмайды, қан қысымы жоғары, кішкене күтемін дедім. Себебі наркозға организмның реакциясы әртүрлі болады. Сол себепті 160-170-ке түссе, операция жасауға бола ма деген ой болады. Онымен жарты сағат, 40 минут, бір сағат бойы қан қысымы түспеді. Сол себепті мен операция жасауға болмайды дедім", – дейді клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиев.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
КТК телеарнасы марқұм Ербол Айтуов өңірге белгілі тұлға болғанын айтады. Ол депутат қызметінен бөлек, Облыстық кәсіпкерлер палатасындағы маңызды бөлімдердің бірін басқарған.
Дереккөз: КТК телеарнасы
