Тылсым лабиринт пе, әлде турист тартудың амалы ма? Соңғы уақытта Маңғыстау облысындағы Айрақты тауына ағылған адам қарасы көп. Биіктегі лабиринтті айналып, тәу етіп жүргендер де, зиярат етушілер де қаптаған. Тіпті тасқа табынатындары да табылады. Сыйынатындай, бұл жердің сыры неде? Археологтар мен өлкетанушылар не дейді? Айрақты тауындағы лабиринт жайын КТК тілшісі зерттеп көрді.
Жұрт жапа-тармағай ағылған Айрақты тауының басындағы лабиринттің диаметрі — 26 метр. Бір қарағанда, тылсым ба деп таңдай қағарсың. Сөйтсе тарихы арыда емес, беріде екен. 2018 жылы тұрғызылған.
Жергілікті археолог Андрей Астафьевтің сөзінше, іші шырғалаң соқпақты салу үшін бес адам тау етегіндегі қойтастарды екі арбамен жоғарыға шығарыпты. Бар жоғы төрт күнде біткен. Оның ортасына Айрақты тауының етегінен көтерілген шар тәріздес табиғи тас қойылған. Лабиринтті салудағы мақсат – өлкеге турист тарту. Бірақ қолдан жасалған лабиринтке кейін адамдар келіп, табынып кетеді деген ой мүлде болмады, дейді археолог.
"Адамдар өзі сенгісі келетін ертегісін ойлап табады, бұл қалыпты жағдай. Ал бізде бұл қандай да бір киелі нысан болады деген ой болған жоқ. Ең алдымен, ол жай ғана турист тартатын, адамдардың қызығушылығын оятатын нысан болуы керек еді. Бірақ оның не себепті пайда болғанына қатысты біздің өз идеямыз бар. Неліктен ол жерге, тіпті шар тәрізді геологиялық түзілісті көтеріп апардық? Қазір адамдар оған қолын тигізеді. Яғни бұл жерде энергия алмасу сезіледі. Шын мәнінде — өзіндік бір белгі. Бұл белгі ежелгі космогониялық аңыздармен байланысты. Сондықтан оны қалай қабылдау керек екенін адамдардың өзі шешсін", – дейді археолог Андрей Астафьев.
Ал өңірге белгілі өлкетанушы Алқажан Еділханның айтуынша, лабиринт – Маңғыстаудың өз топырағында туған төл туынды. Яғни бұл лабиринттің кесіндісі Ешқырған жеріндегі қасындағы үйектен алынған. Ол жерде одан да бөлек көптеген ежелгі таңба болыпты. Өлкетанушы бұл тасқа барып тәу етушілердің әрекетін құптамайтынын жеткізді. Өйткені аймаққа сырттан келіп, басқа танымды насихаттаушылар жергілікті жұрттың мызғымас дәстүрі мен дініне теріс ықпал етеді, дейді көнекөз қария.
"Бұл лабиринт емес. Бұл Андрейдің өзінің бір қиялынан туған нәрсе. Лабиринт деген ол кісінің бойы көрінбейтін, ана жерде тастарды көрдіңіз ғой, бір қарыс жерден көтерілген тастар. Бөлек дүниетанымның Андрейі біздің жерімізге барып лабиринт дегенді ашып, соны суреттейді. Оған сосын менің жерлестерім барып тәу етеді. Мен бұған удай қарсы адаммын. Әрине енді Маңғыстаудың өзінің төл туындысы, бұл кесіндіні насихаттау керек. Бірақ енді менің бір келіспейтін нәрсем – насихатты ақылмен жүргізу керек", – дейді өлкетанушы Алқажан Еділхан.
Айрақтыдағы лабиринттің мақсаты бастапқыда турист тарту болған. Әйтсе де жылдар өте келе, адамдар оған өз түсінігіне сай түрлі мағына бере бастады. Бірі өнер туындысы деп қабылдаса, енді бірі қасиетті орынға балап жүр. Әйтсе де қасиетті өлкедегі әр нысанның тарихын бұрмаламай, оған дұрыс баға беру аса маңызды.
Дереккөз: "КТК" арнасы
