in

"Медеуді" жаңғырту: әйгілі мұз айдынын қандай өзгеріс күтіп тұр

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі "Медеу" биік таулы спорт кешенін жаңғырту жұмыстарының мән-жайы туралы мәлімет берді. Мұз айдынының салқындату жүйесі толық жаңартылады, деп хабарлайды astana24.com.

Алматыда "Медеу" биік таулы спорт кешенін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл – соңғы бірнеше онжылдықтағы аңызға айналған мұз айдынындағы ең ірі техникалық жаңғырту жобасы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.

Оның айуынша, инженерлік инфрақұрылым толық жаңғыртылғанымен, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген "Медеудің" сыртқы келбеті өзгеріссіз сақталады.

Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі – ауданы 10,5 мың шаршы метр болатын мұз алаңының технологиялық плитасын толық жаңарту және салқындату жүйесін ауыстыру. Жаңа жабдық ауа температурасы +15 °C-қа дейін жеткен жағдайда да мұздың мінсіз сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл кешеннің маусым бойындағы сенімді жұмысын едәуір арттырады.

Жаңғырту инженерлік жүйелерді де қамтиды. Технологиялық үдерістерді автоматтандыру және жылумен жабдықтау жүйесін табиғи газға көшірудің нәтижесінде энергия ресурстарын тұтыну 25-30 пайызға қысқарып, нысанды пайдалану анағұрлым үнемді әрі экологиялық тұрғыдан тиімді болады.

Өзгеріс спорттық инфрақұрылымға да әсер етеді. Шығыс трибунаның астында төрешілерге арналған заманауи бөлмелер, допинг-бақылау аймағы және халықаралық спорттық жарыстардың талабына сай, әрқайсысының ауданы 50 шаршы метр болатын сегіз кең киім ауыстыратын бөлме жабдықталады.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін "Медеу" қонақ үйі де жаңартылады. Ол бір мезгілде 140-қа дейін спортшыны қабылдап, оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасайды.