13 сәуірден бастап Тараз – Шымкент бағытында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖолға" сілтеме жасаған astana24.com.
Ұлттық компанияның мәліметінше, бұл шектеу республикалық маңызы бар "РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы" автожолының 546-557 шақырым аралығындағы (ескі Күйік асуы) учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты енгізілген.
Шектеу кезеңінде Тараз – Қаратау бағыты бойынша қозғалыс облыстық маңызы бар "Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент" және "Аса – Қарабастау" автожолдары арқылы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар Шымкент – Тараз бағытына қарай ауыр жүк көліктерінің қозғалысы Жаңа Күйік асуы арқылы қамтамасыз етіледі.
"Жол пайдаланушылардан сапар бағытын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз", -делінген хабарламада.
