Астанада 25 тамызға дейін Алаш тас жолы ішінара жабылады, деп хабарлайды astana24.com қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Алаш тас жолында салмақ өлшеу датчиктеріне арналған бетон жабындысын орнату жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс учаскесінің ұзындығы – 400 метр.
"Осыған байланысты 5 мен 25 тамызы аралығында аталған учаскеде көлік қозғалысы ішінара шектеледі", – делінген хабарламада.
Бұл ретте автокөлік қозғалысы қарсы бағыттағы жолақтар арқылы ұйымдастырылады.
"Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, қозғалысты ұйымдастыруда мүмкін болатын өзгерістерді ескерулеріңізді сұраймыз", – дейді әкімдіктегілер.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.
