Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі жоспарлы жұмыстарға байланысты жолаушыларға Терминал 1 ғимаратында жалған өрт дабылы жүйесі іске қосылатынын ескертті, деп хабарлайды astana24.com әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін Терминал 1 (T1) ғимаратында автоматты өрт дабылы жүйесі бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Осы кезде өрт панельдері уақытша өшіріліп, дәнекерлеу, профилактика жүргізіліп, ақауларға диагностика жасалады", – делінген хабарламада.
Жұмыс сағат 09:30-дан 13:00-ге дейін және 14:00- 15:00 аралығында қолға алынады.
Жұмыс барысында автоматты жалған өрт дабылы жүйесі қысқа мерзімге іске қосылуы мүмкін.
"Осыған байланысты жолаушылардан, әуежай қызметкерлері мен жалға алушылардан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, аталған ақпаратты ескерулеріңізді сұраймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", – дейді Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі өкілдері.
