Мемлекет басшысы таяуда Пәкістанға мемлекеттік сапармен барғанында «Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз» деген еді. Яғни, мемлекеттің алға қойған межесі – ауылшаруашлылық өнімдерін ұлғайтып, секторға басымдық беру. Агроөнеркәсіпті дамытудың жайы Жолдауда да нақты айқындалған-тұғын.
Үкімет дерегінше, 2023 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорты 5,3 млрд долларға жеткен. Жалпы экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 43 пайыз болған. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты 5,1 млрд долларды құраса, агроөнеркәсіп экспорттың жалпы көлемі 8,1 млн тонна болған. 2025 жылы астық экспортының көлемі 13,4 млн тоннадан асып, ол 5,9 пайызға өсіп, ал экспорттан түсіетін түсім 4,7 миллиард долларды құраған. Демек, жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына сұраныс көбейіп, аграрлық салаға қажеттілік ұлғайды. Осы жылдар ішіндегі негізгі экспортталатын тауарлар қатарында бидай, арпа, зығыр тұқымы, сиыр және қой еті, мұздатылған балық, бидай ұны, күнбағыс майы, газдалған су, мақта талшығы және басқа да өнімдер бар. Қазақстан Қытай, Ресей, Орталық Азия, Таяу Шығыс және ТМД мемлекеттеріне ауыл шаруашылығына тиесілі бидай, күріш, ет-сүт өнімдерін тұрақты түрде экспорттайды. Жеткізу географиясы жылдан-жылға кеңейіп, Иран, Әзербайжан және Қырғызстанға жөнелтілімдер жаңартылып, Мысыр, Марокко және Вьетнам нарықтары ашылған. Қазір Бельгия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания және Португалия нарықтарына шығу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық нығайтылуда екен.
Астық тасымалының көлемі өсті
Біздің ел астық өндірісін дамытуды жолға қойды. Былтыр 27,1 млн тонна астық өндіріп, үлкен көрсеткішке қол жетті. Үкімет мәліметінше, біз 70-тен астам елге ауылшаруашылық өнімдерін жеткіземіз, олар әлем бойынша жетекші орынға ие. Мысалы, ұн экспорты бойынша әлемде 2-ші, күнбағыс майы бойынша 8-ші, дәнді-дақылдар бойынша 10-орында тұрмыз. Фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов ауыл шаруашылығы өндірісінің экспорты жылдан-жылға қарқын алып келе жатқанын жақсылыққа балайды. Бірақ ол өнім сатуға ешқандай кедергі жасамау керек деп біледі.
– Былтырғы жылы 19 млн-нан астам бидай, 525 мың тоннадан астам күріш өндірдік. Бұл өндірілген астықтар өзімізге жеткілікті, сыртқа да сатып жатырмыз. Мысалы, бидайды шетелге шығаруға экспорттық субсидия беріледі. Алайда су тапшылығына байланысты күріш алқабы азайса, өнім азайып, баға көтерілуі ықтимал. Бәлкім, балама кәсіп табу керек болар. Астықтан өндірілетін ұн, макарон өнімдерінің экспортына ешқандай шектеу жоқ. Агроэкспортты Орталық Азияға, Ресейге, Қытайға және алыс-жақын шетелге пұлдауға жол ашық. Осы тақылеттес, сәбізді сыртқа сатуға шектеу қоймақшы болды, алайда кейін реттеді. Өзімізге 450 мың тоннадай сәбіз толық жетеді. Оны 2-3 айлап қоймада сақтау қиын. Мұның алдында қырыққабатқа, пиязға, картопқа шектеу қою өзінің тиімсіздігін көрсетті. Нарық заманында агроөнеркәсіпке шектеу беріп қажет емес, – деп байыптайды ҚФҚ өкілі.
Ет-сүт бағыты дамытуды қажет етеді
Ет-сүт өнімдері де ел экспортының басты салаларына айналып тұр. «Олжа» шаруа қожалығының басшысы Болат Бөгетов шауашылықтарға берілетін субсидияның азайғаны, шаруаға тұсау деп ойлайды. Оның пайымдауынша, мемлекет тарапынан арзан несиелеу мен кепілдеме мәселесі шешілсе, кооперативтерге бірігу заңнамасын реттелсе, ауылшауашылық өнімдерін шетелге де экспорттап, ішкі нарықты да түгел қамтуға мүмкіндік болатын көрінеді.
– Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алды. Соның ішінде ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдерге демеу күшейді. Біздер мал шаруашылығымен шұғылданамыз. Сондықтан да бірнеше түйткілді қозғап өтейін. Бізде мал сойып, сүт өнімдерін өткізетін қара базар, сауда орталықтарынан басқа орын жоқ. Бұрын кооператив құру ісі басталып еді, өзара сенімнің болмай, тексерістің көбейіп, алған несиесін өтей алмай жабылды. Сондай-ақ қазір оңтүстікте пресс-шөптің құны 1 800-2 000 боп тұр. Бидай, күріштен жасалатын жем қолжетімсіз. Еттің бағасы өз-өзін ақтамай тұр. Дегенмен мемлекет квотасы арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сияқты елдерге ет-сүт өнімдерін өткізіп жатқан шаруашылықтар бар. Бірақ шамалап айтқанда, 5-10 ірі қарамен бастаған кәсіпкерлерге алдымен өзіміздің нарықты бағындыру қажет. Аталған істер орындалуы үшін кооперативтер қайта ашылып, субсидия азайса да, жеңілдетілген несие мен «Даму» қоры арқылы кепілдеме шешілсе, ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау артар еді, – дейді шаруа қожалық басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы департаменті директоры Бағлан Аймұрзаев мал шаруашылығы саласында оң бастама жүзеге асып, ет-сүт бағытында ілкімді істер жасалып жатқанын айтқан болатын. Әр өңірдің бейіміне қарай шаруа жасалып, кепілдеме мәселесі оң шешімін тауыпты.
– Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Егер кооперативтер құрып, кәсіп ашатын болса, 30 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Енді кепілдемені фермер «Даму» қоры арқылы 85 пайызына кепілдендіре алады. Осының арқасында жеке қосалқы шаруашылықтардан өнімді жинай отырып, кейін сатуына да болады. Негізі, Еуропа елдері, АҚШ солай дағдыланған. Мал шаруашылығын әр өңірдің бейіміне қарай бағу өте үлкен пайда береді. Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдейтін Golden Camel зауыт жұмыс істеп тұр. Басты нарығы – Қытай елі. Дәл осындай үлкен сүт зауытын салуды Маңғыстау облысында салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін 2,5 пайызбен беріліп, түйе сүтінен ұнтақ әзірлеп өнім өндіретін болады. Ақтөбе облысында жүн өңдейтін KazFelTec деген зауыт құрылысы желтоқсанда тәмамдалады. Бұл өндіріс жүннен құрылысқа қажетті материалдар да шығармақ. Ынталандыру мақсатында жүннің келісіне 200 теңге субсидия беруді қарастырдық. Жүнді халықтан жинау үшін сервистік дайындау орталықтары түзіліп, оларды жеңілдетілген несиемен қолдаймыз. Алматыда Түркияның Iskefe Holding компаниясы тері өңдеу зауытын салғалы жатыр. Бұйырса, 2027 жылы теріні өңдеп, желатин өндіріледі. Осылайша, дамыған елдердегідей мал шаруашылығын дамытып, өңдеу технологиясына көшіп, ел қазынасы толыға түседі, – дейді департамент басшысы.
Ел қазынасын толықтырады
Агроэкспортының артуы экономикалық тұрғыдан көп пайда түсіретіні анық. Үкімет мәліметінше, қазір агроэкономиканы дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірлену үстінде. Құжат ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап оны терең өңдеуге, сақтауға, логистикаға және экспортқа шығуға дейінгі толыққанды қосылған құн тізбегін құруға бағытталған. Негізгі басымдықтарға өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кластерлер мен агрохабтар қалыптастыру, сондай-ақ өндіріс пен өткізу нарықтары арасындағы байланыстарды нығайту жатады. Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдапты. Аталған жоспар негізінде мал басын арттыруға ғана емес, өнімділікті ұлғайтуға, сондай-ақ саланың экспорттық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін сапалы өңдеуді жақсартуға бағытталған.
Бұл бастамаларды қаржы сарапшысы Бексұлтан Ысқақов та қоштайды. Белгілі экономистің сараптауынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортының әлеуеті бұдан да зор, сол себепті де осы көрсеткіштерімен тоқтап қалуға әсте болмайды екен. Ол азық-түлік өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын, сатуға ыңғайлы локацияларға жақындастырып салсақ, өз тиімділігін беріп, уақыт үнемдетуге септеседі деген сенімде.
– Агроөнеркәсіп саласында экспорт көлемі мен табыс айтарлықтай өскен. Экспорттың өсуі соңғы 5 жылда шамамен 51%-ға артып, ал ауыл шаруашылығы өнімдері 66 елге жеткізілетін болды. Өңделген өнімдердің үлесі экспортта 52%-ға дейін жетті. Бұл сала жұмыс орындарын қамтамасыз етеді, әсіресе ауыл аймақтарына кәделі. Жергілікті кәсіпкерлер мен шағын фермерлердің кірісін ұлғайтады. Тауар айналымын теңестіріп, импортқа тәуелділікті төмендетеді. Экономиканы шикізат экспортына мұнай, газ, көмір, уранға тым тәуелді етпей, экономиканың әртараптануына септеседі. Тек бидай, күрішті тонналап сатқанша, өңдеп ұн, макарон сияқты азық-түлік өндірісін қолдау керек. Сондай-ақ ет-сүт бағытында ұлттық өнімдер құрт, май, сүзбе, айран шығаратын цехтар, зауыттар, фабрикалардың әр өңірден ашу керек. Сонда сол өңірмен шектесетін шет мемлекеттерге сатуға оңайырақ болады, көп табыс табамыз. Ауыл шаруашылығын дамыту – Қазақстан үшін экономикалық тиімді инвестиция. Экспорттық табыс, елдің ЖІӨ нығайтады, жұмыс күшінің ауылдан қалаларға көшуін тежейді. Өңірлік даму теңсіздігін азайтады, – дейді қаржыгер Бексұлтан Ысқақов.
Дүниежүзінде аграрлық экспорттан қыруар пайда тауып, әлемге үлгі болып отырған держалар бар. Мәселен, брокерлік деректер бойынша, АҚШ былтыр 190-200 млрд доллар табыс тапса, Бразилия 78 млрд, Аустралия 75 млрд доллар табыс тапқан. Бұл агродержавалар әлдеқашан өзінің аграр саласын дамытуды жүйелеп, жолға қойып алған. Біздің де мақсат – аргоөнеркәсіпті дамыту.
Тоқетері, елде агроэкономиканы дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде. «Е-АӨК» жобасын толыққанды іске асыру 2028 жылға дейін межеленген. Биыл 70-тен астам елге ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттамақпыз. Демек, Қазақстан аграрлы индустриялы елдер қатарына еніп, әлемде өз орнымызды ойып алатын, ішкі-сыртқы нарықты астықпен, ет-сүт өнімдерімен қамтуға қауқарлы бола бастады. Елдің аузы аққа, қамбамыз астыққа, өрісіміз малға, үй іші мейірлі жандарға толса, бұл игіліктер бақытқа бастар жолмен тең.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
